Өткен мақаламызда Нұрдәулетовты бапкер ретінде қарастыруға болады дегенде, оқырмандардың "тәжірибесі жоқ, жастар құрамасында дым көрсетпеді" деген сөздеріне жауап тауып көрейік. 1. "Тәжірибесі жоқ". Футболда тәжірибе үлкен рөл шешетін болса, онда жас мамандар Артета, Алонсо, Фабрегастар қалай өз клубтарын алға сұйреп жүр? "Тәжірибелі" Кумыков турнир кестесінде неге Нұрдәулетовтың командасынан төмен тұр? Онда "тәжірибелі" деп Масудов, Никитенко, Бердыев сияқты бапкерді қоюға болады емес пе? Кезінде жас Моуриньо Чемпиондар лигасын Портумен тәжірибесіз-ақ ұтқан, ал қазір үлкен тәжірибесі бар, бірақ Түркияда жаттықтырып жүр. Кейбір жанкүйерлерге футболға деген көзқарасты өзгерту керек сияқты. 2. "Жастар құрамасында ештеңе көрсетпеді". Біріншіден, жастар құрамасындағы қарсыластарына қарайық: Бельгия, Дания, Шотландия және Түркия. Бұл Беларусь, Армения емес, футболдары дамып кеткен Еуропалық ұжымдар. Соның өзінде Шотландиямен тең ойнадық (2:2), сырт алаңда Түркиядан ұтылмадық (0:0). Жақсы нәтиже болмаса да, ойсырай ұтылған ойындар көрмедік. Сосын 2 жыл бұрын көрсеткен нәтижелеріне қарап, баға беру дұрыс па? Мүмкін соңғы нәтижелеріне қараған дұрыс шығар? Соңғы нәтижелері жаман емес, кішкентай бюджетпен топ-5 клубтардың қатарында келе жатыр. «Астананы», «Ақтөбені» де жеңді. Ойын жүйесі бар, ойыншылар жігермен, мінез көрсетіп ойнайды. Нұрдәулетов Стоилов, Благоевич сияқты мықты мамандардың көмекшісі болып, бірнеше жыл жұмыс істеген. Кейбір оқырмандардың ойынша кез-келген шетел маманы әрқашан қазақстандықтандардан мықты болады деп ойлайды. Олай емес. Соңғы орында келе жатқан «Жеңістің» бапкері шетелдік, бірақ нәтижелері анау. Біз қалай болса да қазақ мамандарын қолдаймыз және оларға мүмкіндік беруден қорықпауымыз керек деп санаймыз. Айтпағымыз сол. Бүгін бас-бапкер тағайындалды. Не болса да Черчесов мырзаға сәттілік және үлкен жеңістер тілейміз!