Бірінші лига биыл неге қызық? Оқжетпес - Каспий шайқасы. Бүгін Көкшетауда жергілікті команда ақтаулық «Каспий» футбол клубын қабылдайды. Екі команда да биыл Премьер-Лигаға шығу мақсатын қойып жатыр. Әзірге бұл жоспарды ақтаулықтар жақсырақ орындап келе жатыр. Алайда биыл Бірінші лигадағы конкуренция өте мықты, тіпті АПЛ-да бұндай таласқа қызығып, тамсанып қарап тұр деген ақпараттар келіп жатыр. Расына келсек, «Жетісай», «Хан-Тәңірі», «Тараз», «Ұлытау», «Оқжетпес», SD Family, «Каспий» деген клубтар Премьер-Лигаға шығу үшін шайқасып жатыр. Жеті мықты команда, бірақ жолдама тек екеу. Бұндай бақталастық Қазақстан футбол тарихында болмаған. «Каспий» чемпионатты әдемі бастады – 8 ойын қатарынан жеңіліссіз сериясын қойып тастады. Тек 9-ші турда Никитенко шәкірттерін «Хан-Тәңірі» тоқтатты. «Оқжетпес» 10 ойында 5 рет жеңіп, 2 рет жеңіліс тапқан және 6-шы орынды қанағат тұтып отыр. Бірақ көкшетаулықтар бүгін жеңген жағдайда, «Каспий» клубынан арақашықтықты 2 ұпайға дейін қысқартады. Қызықты ойын болатыны сөзсіз.