✅Тұрсын Жұртбай ағамыздың Бауыржан Момышұлы атамыздан "Алла рақымына бөлесін" алған сұқбатынан үзінді: ?Ал Мағжанды мен көрдім. Кейде Мағжанның ажалына себепші болдым ба? – деген де ойға келемін. Соғыстан кейін мен әскери академияда болдым. Бірақ та армияның өзіне сұрандым. Новосибирь қаласындағы дивизия командирі етіп тағайындады. Бірде: Совет Одағының маршалы, армия қолбасшысы әскери поезд арқылы, Новосибирь вокзалы арқылы Қиыр Шығысқа кетіп бара жатқаны, менің оған жағдайды баяндауым туралы бұйрық түсті. Вокзалға келдім. Сібірдің қысы қатты. Әскери состав келгенше перронда ары-бері жүрдім. Көзім жүк почтасын қабылдайтын қоймаға кіріп-шығып, шанаға жүк тасып жүрген егде адамға түсті. ?️Түрі азият, азияттың ішінде қазақ сияқты көрінді. Қасына барып: «Қазақпысыз?»,- дедім. Қазақ екенін білген соң жөнін сұрадым. Сөйтсем: «Среди гор, среди скаль, Александрия централь»,— дейтін атақты концлагерьдің жүгін тасиды екен. Аты-жөнін айтқысы келмеді. Соның арасынша екі-үш рет кіріп-шығып үлгерді. Дауысымды қатайтыңқырап сұрап едім: «Жастар сендер білмейсіңдер ғой. Мен – Мағжан Жұмабаев дегенмін», – деді. Сол арада өзім оқулықтан жаттаған «Шал» деген өлеңін жатқа айтып бердім. Тағы да бір-екі жәшікті шанаға сап үлгерді: «Ә, мені ұмытпаған екенсіздер ғой. Біледі екенсіңдер ғой», – деп кемсеңдей сөйлеп, өзімді сұрады: «Ә, Бауыржан Момышұлы деген сіз екенсіз ғой. Естігенмін. Білемін», – деді. Өтірік емес, шын Мағжан екеніне көзім жетіп, лагерінің командирін сұрадым. Сол арада поезд келіп, вокзал жабылып, сарт та сұрт боп кетті. Мен де асығыс маршаллға рапорт беруге асықтым. Жарты сағаттан кейін жаңағы жерге келсем, әлгі шал кетіп қалыпты. Лагерьдің командирін танитын едім, қаладағы әскери кеңесте кездесіп тұратынбыз. Телефон шалып, Мағжан — қазақтың үлкен ақыны екенін, оны жеңіл жұмысқа ауыстыруын өтіндім. Ол келісті. Содан арада үш-төрт ай уақыт өтті. Әскери қарбаластан қол босамады. Бір жолы әлгі лагерь бастығын Новосибирьскідегі әскери кеңесте көріп қалып, өтінішімнің не болғанын сұрадым. Сонда ол: «Жерлес ақыныңнан айырылып қалдық. Сен тапсырғаннан кейін мен Оны жеңіл жұмысқа - хат тасушы етіп ауыстырғанмын. Көктемде Енесай өзенінің сеңі бұзылған кезде, почта таситын қайық аударылып кетіп, суға кетті. Сүйегін таба алмадық»,- деді маған. Мұңайып мен қалдым. Міне, менің Мағжанның өліміне себепші болмадым ба - деп ойлайтыным осы қарағым»,- деп сөзін аяқтады... ? Тұрсын Жұртбай "Жансар" @Berdiyaruly #мағжанжұмабаев#бауыржанмомышұлы#жансар#тұрсынжұртбай#ажал#көмек#новосибирь#сұқбат#сібір#ұлыақын#қазақ