?«Жас Алаш» газетінің 2011 жылғы 31 мамырдағы №42 санында атыраулық журналист Сәния Тойкеннің: «Осы бетімізбен кете берсек, тамтығымыз да қалмайды» деrен Мағжан Жұмабаевтың ұлы сөзін тақырып етіп алған үлкен мақаласы жарияланды. Онда жасы 90-нан асқан Құлсары қаласының тұрғыны Абдулла Әбдірахмановтың Магадан облысының Сусуманск ауданындағы лагерьде ақын М.Жұмабаевпен болғаны айтылады. Ол кісі көргендерін есіне түсіріп: «Мағжан 1948 жылы жазасын өтеп шығуы керек екен. Бірақ, сол лагерьде жүрген кездері өзара төбелескен екі тұтқынның біріне болысып, арыз жазып беремін деп айыпты болып, үстіне тағы жыл жамалған. Мен Мағжанмен тек кешкі 8 сағаттық ұйқыға бөлінген демалыста жауаптасатын едім. Сібірде жүрген күндері әйелінің қасында болғанын айтатын. Тірлікте мен тартқан бейнетке тең пенденің ішінде Аюп деген пайғамбар ғана шыдаған дейтін. Көбіне төмен қарап тұнжырап отыратын. Бірақ, бір нәрсеге кейігенін көргенім жоқ. Шамасы, бәріне көнген тәрізді»- дейді Абдулла қарт сол күндерді есіне түсіріп. Абдулла Әбдірахманов ақсақал өзінің Мағжанмен ұзақтау сырласуға мүмкіндігі болмағанын айтады. Өйткені, Сусуманскіге айдалып келген 100 қаралы адамды, ішінде Абдулла қарт та бар, көп адамды Чукоткаға жұмысқа алып кеткен. Ол жақтан кері оралғанда Мағжан жұмысқа шыға алмай, аурулар қатарында жатқан көрінеді. Мағжан көршi камерада, астыңғы бөлікте жатты. Төсегі бұрышта, қабырғаға тіреліп тұратын еді. Мен 6 айдан соң көргенімде жөтелі ұлғайып, ауруының меңдей бастағаны байқалды. «Маған жақындама жұғады» дейтін өзі. Өмірінің соңғы сағаттарында аяғын баса алмай еңбектеп қалды, дейді ақсақал. Бір күні таңертең жұмысқа кетер алдындағы бес қатар сапқа түзеп, түгендеп жатқанда Мағжанның мүрдесін әкетіп бара жатқанын көрдім. Ақынның ауру, аштық пен цингадан зардап шеккен денесі тұлып болып ісіп кеткен. Үстінде бәріміздікіндей көмірленген қара киімі бар, беті ашық жатыр екен. Менің оның қасына барып: «Қош, арысым!» деуге мүмкіндігім болған жоқ. Екі көзімнен жас парлап, іштей «иманды бол, алдыңнан жарылқасын» дегеннен басқа қолымнан ештеңе келмеді, оның өлі денесін 3-4 адаммен бірге терең шұңқырға апарып, бетін күрей салды. Бұл – 1951 жылдың қаңтар айы еді, – дейді. «Екі дүние – күн мен түн, өмір, өлім, Бірі - бесін, біреуі – даяр көрің. Бала болып жата бер бесігіңде, Сар даланың еркесі – қазақ елім» деп жырлаған ұлы ақын осылай дүниеден өтіпті. ?Мәліметтер, Тұрсынбек Жалғасбайдың "Жүректегі иман гүлі" кітабынан алынды. #мағжанжұмабаев#ақын#өлім#түрме#айдалу#сәниятойкен#тұрсынбекжалғасбай#чукотка#мағжанжұмабайұлы#абдуллаәбдірахманов @berdiyaruly